Қызылорда станциясында жоғалған 3 жасар бала табылды
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылы туған Болат Ахмедиярдың жоғалғандығы туралы Қызылорда станциясының Желілік полиция бөліміне анасы хабарлаған.
Оның айтуынша, Ахмедияр сол сәтте вокзал перронында әжесімен бірге жүріп, әжесі бір сәтте одан көз жазып қалған.
Поез Жалағаш станциясына келген уақытта бала поездан түсірілген соң, анасы жетем дегенше сол станциядағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлерінің қарауында болған.
3 жасар Ахмедиярды көлік полицейлері анасына табыстады. Бұл оқиға туралы Ахмедиярдың анасы Индира Тыныштыққызы былай дейді. «Төбемнен жәй түскендей болды. Темір жолдың қауіпті аумақ екені тағы бар. Ойымыз сан-саққа кетті. Полицейлердің жедел жұмыстарының арқасында балам аман-есен, тез табылды. Алғысым шексіз. Біз үшін естен кетпес оқиға болды».
Ахмедиярдың анасы Индира іздестіруге атсалысқан қызметкерлер ішінде полиция майоры Кәжденбек Әлиев пен полиция сержанты Рахат Мырзабайға ерекше алғысын білдірді.
«Жоғалған баланы іздеу үшін Қызылорда станциясының желілік полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері елеусіз қалатын нысандарды, адамдар көп жиналатын орындарды, вокзалға жақын ғимараттарды және поез вагондарын тексерді. Полицейлер жүргізген іздестіру жұмыстары барысында жоғалған бала вагон ішінен табылып, аман-есен үйіне оралды. Бүгінгі таңда баланың анасымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, – дейді, Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары А. Г. Жұматаев.