Қызылорда теміржол ауруханасына демеушілер қаржысына алынған тыныс алу аппараты табысталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов Қызылорда теміржол ауруханасының дәрігерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында індетпен күресте алғы шепке шығып, адам жанына араша түсіп жүрген медицина қызметкерлеріне әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін және оның алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Індетпен күресте өңірдің ерікті тұрғындары асқан белсенділік танытып, қауіпті кеселден арылуға үлкен септігін тигізіп келеді. Еріктілер қатарында кәсіпкерлер, құрылысшылар, мәслихат депуттары да бар. Осындай жомарт жүрек, дархан көңіл жандарды қала әкімдігі игі іске ұйыстырып, вируспен күресте белсенділік танытып келеді. Нәтижесінде аз уақытта 41 млн теңгеден астам қаржы жиналып, аймақ орталығындағы емдеу мекемелеріне қажетті құрал-жабдық алынды. Оның ішінде 48 оттегі концентраторы бар.

Қауіпті инфекция күшейгенде қол қусырып қарап отырмай қолдан келген көмегін көпке ұсынған кәсіпкердің бірі - Нұрболат Ибраев. «Авто-Лидер Қызылорда» ЖШС директоры «Теміржол ауруханасына» 1 млн теңге қаражатпен демеушілік жасады. Жеке кәсіпкер бұл қаражатқа 2 оттегі концентраторын алып, ауруханаға табыстады.

Қай уақытта болмасын елге игі іс жасап, туған топыраққа қолдау көрсету перзенттік парызым деп санайтын азамат басқа кәсіпкерлерді де дертпен күресте белсенді болуға шақырды.

«Қызылорда теміржол ауруханасында» 40 орындық провизорлық стационар 27 маусымнан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде онда 21 адам емделіп жатыр. Мекеменің директоры Сұлтанбек Кенжебаев оттегі концентраторының қазіргі таңда ауадай қажеттігін айтып, саладағы тапшылықты тиімді шешіп беріп отырған қала әкіміне алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Қызылорда қаласы әкімдігінің 30-ға жуық қызметтік көлігі емханалар мен аруханаларға қызмет көрсетуде. Сонымен бірге қала әкімдігі тарапынан дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін орналастыру үшін «Сырдария» лагерінен 100 орын дайындалды. Қажетті оттегі баллондары, медициналық құрал-жабдықтармен әжен ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, елге жанашыр кәсіпкер «Қызылорда» қонақ үйінің директоры Қ.Боранбаевтың қолдауымен дәрігерлерге 137 орын берілсе, «Bella Vista» кешенінің директоры Р.Ахметов 11 орынға арналған қонақ үйін алдын ала ұсынып отыр. Ал, «Бәйтерек» қонақ үйінің құрылтайшысы Жеңіс Пірімов дәрігерлерге 40 орынға арналған қонақ үйін бөлді. Бірлік бар жерде әр іс берекелі болары анық. Бүгінгідей біртұтастығымыз сынға түскен уақытта, жұдырықтай жұмылып әрекет ету маңызды. Сондықтан қала тұрғындарынан карантиндік талаптарды сақтап, қорғаныс маскаларын киіп, өзара тиісті ара қашықтықты ұстап, адамдар көп жиналатын жерлерге мейлінше бармауларын сұраймыз.


Соңғы жаңалықтар