Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету төмен деңгейде
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгінде Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету төмен деңгейде екені тіркелді.
Бұл туралы бүгін Өңірлік даму министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Қызылорда облысында орталықтандырылған сумен қамтамасыз етудің қолжетімділік деңгейі 55 пайызды, Жамбыл облысында 77 пайызды, БҚО-да 79 пайызды құрап отыр.
Вице-министр сондай-ақ Павлодар облысының ауылдарында бұл көрсеткіш 18 пайызды, Қостанай облысының елді мекендерінде 25 пайызды, Маңғыстау өңірінде 36 пайызды, БҚО-да 33 пайызды, сондай-ақ ШҚО ауылдарында 32 пайызды қамтып отырғанын жеткізді.
2013 жылы бағдарлама аясында 302 бағдарламаны жүзеге асыруға 83,1 млрд. теңге қарастырылған. «Жобаларды іске асыру нәтижесінде орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік қалалар бойынша 85 пайызға, ауылдық жерлерде 45 пайызға жетуі тиіс»,-деп түйді ол.