Қызылордада 6 айда ана өлімі тіркелген жоқ

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 6 айында облыста бала өлімінің көрсеткіші 53,5%-ға төмендеді, ал ана өлімі бірде-бір рет тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстың бас дәрігері Ақмарал Әлназарова жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қызылордада 6 айда ана өлімі тіркелген жоқ

Өңірде бала өлімі көрсеткішін төмендету мақсатында облыстық балалар ауруханасы жанынан ашылған неонаталды хирургия бөлімшесіне жергілікті бюджеттен бөлінген 42 млн теңгеге  медициналық-құрал жабдықтар сатып алынған.

«Ағымдағы жылдың 6 айында алғаш рет өңірде  кеуде клеткасының деформациясына, жұлын-ми жарығы, жайылған перитонитке, бас сүйегі дефекттісіне, гидроцефалиямен  туылған 21 нәрестеге ота жасалынды», - деді Ақмарал Әлназарова.

Сонымен қатар ол облыста 0-5 жастағы балалардың аурушаңдығын  төмендету, өлім-жітімді болдырмау және балалардың физикалық-психикалық жетілуін жақсартуға мүмкіндік туғызатын «Тиімді технологиялар тренингтік орталығы» ашылғандығын атап өтті.

«Орталыққа  жергілікті бюджеттен  7 млн 500 мың тенге бөлініп, 1077 медицина қызметкерлері балалық шағындағы ауруларды ықпалдастыра емдеу   бағдарламасымен  оқытылды», - деді аймақтың бас дәрігері.

Оның айтуынша, бұл медицина қызметкерінің бала күтіме байланысты біліктілігін арттырып, ауыруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.