Қызылордада 600 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін облыс орталығындағы жаңадан бой көтерген «Арай-3» мөлтек ауданында 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоба «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға» дейінгі бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.

Қызылордада 600 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы қаланды (ФОТО)

Тұрғын үйдің іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев қатысты.

- Өткен жылы облыс бойынша 54 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Ал биыл 67 тұрғын үй саламыз деп жоспарлап отырмыз. 2015 жылы 2 684 облыс тұрғыны үйлі болды. Осы жылы 3 мың адамды баспанамен қамтуға мүмкіндік бар, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басшысы қиындықтарға қарамастан өңірлерде құрылыстың қарқынды жүргізіліп отырғандығын атап өтті.

«Қаржылық қиындықтарға қарамастан Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс аумағында барлық инфрақұрылым мәселесі шешілген. Жоспарға сәйкес тұрғын үйлерді қыркүйек айында пайдалануға беретін боламыз», - деді Қуандық Бишімбаев.

Жобаның жалпы құны 6 млрд теңгеден асады. Биылғы бір жылдың ішінде үй кезегінде тұрғандардың 24,3 пайызы баспаналы болады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы Қызылордада жалпы саны 1 230 пәтерді құрайтын 24 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесіп, 3 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Айта кетейік, салынатын үйлердің сапасы қатаң бақылауда.
2 3 4