Қызылордада адамды тірідей өртегендер жазасын алды

ҚЫЗЫЛОРДА.19 қараша. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адамды тірідей өртеген үш қылмыскерге қатысты үкім шығарды. Бұл туралы облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Ермек Құтыбаев хабарлады.

Қызылордада адамды тірідей өртегендер жазасын алды

Оқиға биылғы жылғы 16 мамыр күні Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кентінде орын алған. Сол күні сағат 12:00 шамасында жеке көлігімен адам тасып жүрген Е.Есетов жолаушы ретінде С.Жүсіпов есімді азаматты отырғызып алады. Баратын жеріне жетіп алғасын жолаушы такси жүргізушіге бірге арақ ішуді ұсынады. Бұлар сосын С.Жүсіповтің дүкеннен алып келген бір бөтелке спиртті ішімдігін машина салонында отырып ішеді. Осыдан кейін Е.Есетов өзінің танысы Б.Қуанбаевқа телефон шалып, бірге болуға шақырады. Сосын жолай Б.Қуанбаев пен С.Шәйкенов есімді жігіттерді көлікке мінгізіп алған бұлар Жосалы кентінің Қабылан батыр көшесінің бойындағы бау-бақшаға келіп, ішімдік ішуді жалғастырады.

Осы отырыс барысында С.Шәйкенов жәбірленуші С.Жүсіповті автокөліктің магнитофонын өшіруге жұмсаған. Бұған барғысы келмеген С.Жүсіпов: «Меннен де кіші адам бар ғой», - деп жауап қайтарады. Осы келіспеушілік жанжалға апарып соқтырады. Сол кезде Е.Есетов өзінің жолаушысының оң жағынан басымен ұрып жерге құлатады. Бұдан кейін қалғандары жабылып, жерге құлаған жігітті тепкінің астына алады.

Біраздан кейін дене жарақатын алған С.Жүсіпов сол маңдағы арықтың суына жуынып, есін жинап қайтпақшы болған сәтте Е.Есетов оны тағы соққылайды. Ал С.Шәйкенов бір ұрып жерге құлатып, Б.Қуанбаев екеуі қайтадан тепкілеген. Бір кезде сол маңда жүрген тұрғындар айқай салғанда, олар С.Жүсіповті көтеріп алып, автокөлікпен алып кетеді де Жосалы кентінен 3-4 шақырым қашықтықтағы далаға қалдырып кеткен. Алайда, бұзақылар өзара ақылдаса келіп, өздерін құқық қорғау органдарына ұстап бермеу үшін жәбір көрушіні өлтірмекке бекінеді. Осылайша далаға қайтып келген олар С.Жүсіповті үш рет пышақтап, тірідей өртеп жібереді.

Осы қылмыстары үшін қылмыскерлер 18 жылдан бас бостандықтарынан айырылды. Олар бұл жазаны қатаң режімдегі түзеу колониясында өткізеді.