18:48, 20 Қараша 2015 | GMT +5
Қызылордада ақын Темірше Сарыбайұлын еске алуға арналған мүшайра өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жалағаш ауданының Мырзабай ахун ауылдық округінде ақын, жазушы Темірше Сарыбайұлын еске алуға арналған «Сырдан ұшқан Сұңқар» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақынды еске алу шарасында аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тәжімаханов ақынның өмір жолы мен еңбектері жөнінде айтып өтті. Оқушылар қатысқан жас ақындар мүшәйрасында үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, ақын Темірше Сарыбайұлы аталған ауылда 1941 жылы дүниеге келген. Аудандық «Жаңадария», Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қызылорда облыстық сырттай оқу мектебінде әдіскер, Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар редакциясында редактор, «Балдырған» журналында бөлім редакторы, қызметтерін атқарған. Республикалық жыр-мүшәйралардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ж.Жабаевтың 150 жылдық, Б.Момышұлының 90 жылдық мерейтойларының бірінші жүлдегері.