Қызылордада Аналар кеңесі билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін талқылады

Шараға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уалихан Ибраев, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымыМеруерт Аңсатова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ доценті, заң ғылымдарының кандидаты, кәсіби медиаторЖанна Исаева, «Cлавяне» қоғамдық мәдени орталығы» бірлестігінің төрайымы Галина Щербакова, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының директоры, облыстық Аналар кеңесінің мүшесіЛиза Скакова, Сырдария ауданы А.Тоқмағамбетов ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы Злиха Сыздықова қатысты.
«Үндеуде ұсынылып отырған саяси өзгерістер болашағымызды тұғырлы, елдігімізді берік ететіні сөзсіз. Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялық бағытта өсіп-өркендеп келе жатқандығының көрінісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күшті президенттік вертикаль бізге мемлекетті қалыптастыруда кездескен қиындықтарды еңсеру үшін қажет болды. Осының нәтижесінде қазіргі таңда көп жетістіктерге қол жеткізілді. Ұлт көшбасшысы осы жетістікпен тоқтап қалмай, саяси жүйені одан ары демократияландыру қадамын жасап отыр. Мұның өзі мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігін барынша арттырып, еліміздің әлем алдындағы беделін бұрынғыдан да жоғарылата түсетіндігі сөзсіз. Қазақстандықтар бұл өзгерістерді ел дамуындағы елеулі кезең ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар, шетелдік сарапшылар да Президент бастамасының тек еліміз үшін ғана емес, аймақтық саясатта да маңызды екендігін атап көрсетуде», - деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры.
Жиынға қатысушылар «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі бағыттары туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен стратегиялық құжаттың негізгі басымдықтарына тоқталды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының азық-түлік тауарларының экспортын ұлғайту, «Нұрлы жер», жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларын тиімді жүзеге асыру, сондай-ақ үлкен қалалар мен оларға жақын орналасқан елді мекендер арасындағы көлік қатынасын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен білім сапасын жақсарту, үш тілді білімді дамыту, адами капитал сапасын жақсарту және т.б. мәселелер бойынша ой-пікірлер ортаға салынып, талқыланды.