Қызылордада Арал халықаралық тұрақты даму форумы өтіп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада бірінші Арал халықаралық тұрақты даму форумы өтіп жатыр, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Форумның мақсаты - Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік - экономикалық жағдайы туралы кеңірек ақпараттандыру, өзекті мәселелерге әлемдік қауымдастықтың назарын аудару.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Парламент депутаттары, ҚР және Орталық Азия елдерінің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының басшылары, Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, халықаралық ұйым өкілдіктерінің жетекшілері, ғалымдар, сарапшылар және т.б. қатысты.
Алқалы жиынның ашылуында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіретіндігі туралы айтқан мәлімдемесін келтіре отырып, теңіздің тартылуы салдарынан көтерілген шаң мен улы тұз қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отырғандығын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова алғысөз сөйледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттері делегацияларының, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік Банк және Еуропалық экономикалық комиссия өкілдерінің форумға жолданған құттықтаулары оқылды.
Аралдың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін талқылаумен қатар, форум барысында индустриалды экология, ғаламдық климаттық өзгерістер, кешенді су тақырыбы мен аталған өзекті мәселелерді шешудің әлемдік тәжірибесі талқыланды.
Сондай-ақ, Арал бассейнінің проблемасы мен Арал өңірінің мәселелеріне елеулі үлес қосқан ұйымдар мен тұлғалардың еңбектері атап өтіліп, ынтымақтастық туралы бірқатар хаттамаларға қол қойылды.
Атап айтқанда, «Арал теңізінің шығыс жағалауынан «Жасыл белдеу» құру жобасы; «Жабайы жануарларды климаттың өзгеруіне жерсіндірудің Арал өңірі орталығын құру» жобасы; «Қамыстыбас» көлінің жағалауында «Арал» ғылыми - туристік орталығын» құру; «Қызылорда облысының Атласын дайындау және ГИС технологиясының негізінде Арал өңірінің интерактивті электронды картасын» әзірлеу және өзге де жобалар бойынша.
Шараның қорытындысы бойынша қатысушылар форумның Қарарын қабылдап, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күні 26 наурызды - «Арал теңізінің күні» ретінде жариялау жөніндегі ХАҚҚ-ның Қазақстандағы Атқарушы дирекциясының бастамасын қолдады.
Алдағы уақытта, форум Қызылорда қаласында Арал өңірі мемлекеттері басшыларының саммитін дайындауға ниетті.
Форум аясында деректі және ғылыми танымдық фильмдер көрсетіліп, Арал өңірі мен Арал туралы авторлық көркем туындылар мен ғылыми монографиялар таныстырылады.
Екінші күні форумға қатысушылар Арал теңізінің қазақстандық бөлігін тікұшақпен аралайды.
