Қызылордада әскери қызметшінің қаза табу себептері анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі келісімшартпен жұмыс істеп жүрген әскери қызметшінің мерт болу себептерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада әскери қызметшінің қаза табу себептері анықталды

«2018 жылдың 23 қаңтарында 66597 әскери бөлімінің материалдық-техникалық жабдықтау ротасының аға маманы (аспаз), келісімшартпен қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер  Есмағамбетов Р.К. «Сырдария» полигонында ЦВ-1,2 (салмағы 900 кг) цистернасын өз бетімен тасымалдау барысында көкірек қуысынан жарақат алған.Ол жедел жәрдем көлігімен жеткізілген  Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық орталықта көз жұмды», - деп жауап берді мекеменің баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қатардағы жауынгердің өліміне қатысты Қызылорда гарнизонының құқық қорғау органдары тергеуге дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«ҚР ҚК 453-бабы, 2-бөлімінде (Қайғылы оқиғаға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша аталған іс сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді», - деп атап өтті баспасөз қызметі.