Қызылордада автокөлікпен мұз астына түсіп кеткен 4 адамның мүрдесі табылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында автокөлікпен мұз астына түсіп кеткен 4 адамның мүрдесі табылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2020 жылдың 8 желтоқсанында Қызылорда облысының Арал ауданында, Қамыстыбас ауылынан 35 шақырым жерде Қамбаш көлінде «УАЗ» маркалы автокөлік мұз астына түсіп кетті. Автокөлік салонында 7 адам болған. Оның 3-еуі көліктен өздері шығып үлгерген. Құтқарушылар суға батып кеткен 1985, 1981, 1994, 1973 жылдары дүниеге келген 4 адамды іздестірді. Бірақ түнде іздестіру жұмыстары тоқтатылды», - деді ол.
Оның айтуынша, бүгін таңертең іздеу жұмыстары жалғастырылған.
«7 метр тереңдікте (мұздың қалыңдығы 25 см) УАЗ автокөлігі табылды. Автокөліктің ішінде қайтыс болған адамдардың мүрделері болды. Сағат 10.05-те құтқарушылар қаза болған 4 адамның мәйітін полиция қызметкерлеріне тапсырды», - деді Талғат Уәли.
Ресми өкілдің дерегінше, іздестіру жұмыстарына Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар, полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және туыстары (27 адам, 7 бірлік техника) жұмылдырылған.