Қызылордада «Аймақтың тұрақты даму стратегиясы: инновация, инвестиция, әріптестік» тақырыбында халықаралық форум болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 23 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Қызылордада «Аймақтың тұрақты даму стратегиясы: инновация, инвестиция, әріптестік» тақырыбы бойынша халықаралық форум болып өтті.
Оны «Аймақ» аймақтық дамуға ықпал ету және жергілікті өзін өзі басқару қоры ассоциациясы және облыстық әкімдік Қазақстан Азаматтық альянсы мен Конрад Аденауэр атындағы қорының қолдауымен ұйымдастырды.
Форумның мақсаты Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру, аймақтық даму және жергілікті өзін өзі басқару мәселелерін талқылау болды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Болатбек Қуандықов облыстың ырғақты өсіп келе жатқанына тоқталды.Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарлама табанды түрде жүзеге асырылып келеді. Осының арқасында жаңа өнеркәсіп орындары пайда болып, тұрғындарды жұмыспен қамту жайы оңтайлы шешілуде. Өз кезегінде өнімнің көлемі артып, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. Қазірті таңда біздің алдымызда аса ірі өндірістік нысандарды ашу міндеті тұр. Енді осы бағытта жұмыстар жасалатын болады.
Форумның пленарлық мәжілісінде модератор - «Нұр Отан» ХДП жанындағы құқықтық кеңестің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров, Корад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Амос Р. Хельмс, Қазақстан Азаматтық альянсының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева сөз сөйледі. «Нұр Отан» партиясының «Ертеңің үшін аянба!» атты бағдарламасының жүзеге асырылуы барысы жайында Парламент Мәжілісінің депутаты Жақып Асанов айтып берді. Жергілікті өзін өзі басқарудың Германиядағы өнегесі жайлы Корад Аденауэр атындағы қор өкілі доктор Гюнтер Диль ойларын ортаға салды.
Форумның жүһұмысы бұдан соң секция бойынша жалғасты. Оның соңында ұсыныстар қабылдады.