Қызылордада Азаматтық форум өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 қазанда Қызылордада «Тәуелсіздік және азаматтық қоғам: әлеуметтік жаңғыру» тақырыбында VII Азаматтық форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Форумды аша отырып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта үкіметтік емес ұйымдар денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт саласын дамытуға, әлеуметтік қолдауға бағытталған көптеген жобаны жүзеге асырып жатқандығын атап өтті.
«Елбасы атап өткендей, біз ЭДЫҰ (ОЭСР) стандарттарына сай келетін әлемнің ең дамыған 30 елінің құрамына кіруді мақсат етіп жатырмыз. Бұл нені білдіреді? Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл елдерде болашақта жұмыс орындарының 47 пайызы автоматтандырылған болуы керек. Бұл тұрғындардың 50 пайызының өз-өзін жұмыспен қамтуына алып келеді. Бұл - жаңа 21 ғасырдың талабы! Бізге білім-ғылым, заманға икемді әрі адамгершілік қасиеттері жоғары азаматтар керек. Сондықтан, мысалға, мектеп қабырғасынан-ақ балаларды ақпаратпен жұмыс істеуге үйретіп, оларды өмір талаптарына сәйкес қалыптастыра отырып, болашақ патриот, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуіміз керек,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы форумның құрметті қонақтары - Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы қауымдастығының бұрынғы төрайымдары Дариға Ақмағамбетова мен Әлима Әбдіхалықоваға алғыс хат табыстады, иықтарына ақ орамал жапты.
Жиын барысында VII Республикалық Азаматтық форум делегаттары сайланды.