Қызылордада балықтарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов Көкарал бөгетіндегі балықтардың қырылуына байланысты жедел баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада балықтарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында балықтардың қырылу себептері анықталды. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс жасауда. 

Серік Салауатұлының мәлімдеуінше, Сырдария өзеніне биыл су мол келген. Арал теңізіне былтыр 2-2,5 млрд текше метр су жіберілсе, биыл 1 тамызға дейін 4-4,5 млрд текше метр су құйылған. Сырдария өзеніндегі мол судың кіші Арал арқылы үлкен Аралға жіберілуі балықтардың қырылуына әкеп соққан. Оған қоса, күннің ысуы мен судағы ауа қысымының жоғары болуы да әсер еткен.

Балықтарды құтқару жұмыстары 15 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бұған дейін Кіші Аралға қатысты Көкарал бөгетінде балықтың қырылу фактісі тіркелгендігін хабарлаған болатынбыз.