Қызылордада биыл 12 жеке балабақша, 1 мемлекеттік балабақша ашылмақшы

ҚЫЗЫЛОРДА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында биыл 12 жеке балабақша, 1 мемлекеттік балабақша ашылады деп жоспарлануда. Бұл туралы қақалық ішкі саясат бөлімінен хабарлады.

Қызылордада биыл 12 жеке балабақша, 1 мемлекеттік балабақша ашылмақшы

«Шанхай» шағын ауданында орналасқан «Сыр жұлдызы» мемлекеттік бөбекжай балабақшасы 140 орынға арналған. Оған бөлінген 361 миллион 546 мың теңгені құрайды. Бақша қыркүйек айында беріледі. «Ипподром» шағын ауданындағы «Шөмекей Жас-Нұр-2» жеке балабақшасы 2 топ 50 орынға арналған. Ал А. Пушкин көшесі №23 үйде орналасқан «Томирис» жеке балабақшасы 100 баланы қамтиды. Оған 9 миллион 457 мың теңге бөлінген», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда «Балапан» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында 9881 баланы қамтитын 99 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Бүгінде балалардың балабақшамен қамтылуы 71 пайызды құрайды. Бұл - республика бойынша жоғарғы көрсеткіш. Олардың 20-сы мемлекеттік балабақша болса, 41-і жеке балабақша, 31-і шағын орталық, 7-і жеке шағын орталық , 6-ы санаторлық балабақша болып табылады. Оның 5-і қалада, 1-і Белкөл кентінде орналасқан.

Бүгінде кезекте тұрған 3 пен 6 жас аралығындағы бала саны 10842 болса, 0-6 жас аралығындағы кезекте тұрған бала саны 17990-ды құрап отыр.