Қызылордада «бөтелкелесін» өлтірген күзетші 12 жылға сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен азамат Б. адам өлтірген үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық соттың кеңсе меңгерушісі Қаракөз Сәрсенбаева хабарлады.
Оқиға Қызылорда облысындағы мұнай кеніштерінің бірінде болған. Кешкілік мезгілден бастап, арақ ішкен күзетшілер соңында бірінің сөзін бірі көтере алмай төбелесіп, ақырында түнгі сағат 12-ден асқан кезде біреуі екіншісіне пышақ салып өлтірген.
Қаладан алыс жерде орналасқан кенішке жедел жәрдем жетпей жатып, пышақпен салынған ауыр жарақаттардан жәбірленуші көз жұмған. Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындамай, қайтыс болған адамның өзі бірінші оған пышақпен жүгіргенін, содан екеуі төбелесіп жатқанда оның қолындағы пышағы өзіне қалай кіріп кеткенін білмейтіндігін айтты. Қылмыстық іс бойынша өткізілген сот медициналық криминалистикалық сараптамалардың қорытындыларымен және куәлердің берген жауаптарымен оның кінәсі толығымен дәлелденді. Сотта қайтыс болған адамның ата-анасы сотталушыға қатаң жаза тағайындауды және моральдық шығынды өндіруді сұрады. Сот үкімімен сотталушы Б. адам өлтірген үшін кінәлі деп танылып, 12 /он екі/ жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге деп белгіленді. Жәбірленушілердің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, талапкердің пайдасына сотталушыдан 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге моральдық зиян өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы мен оның қорғаушысы үкімге шағым келтіріп, қазіргі күні іс апелляциялық сатыда қаралу үстінде.