Қызылордада электр желісінде апат болып, қала тұрғындары жарықсыз қалды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында электр желісінде ақау шығып, қала тұрғындары жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында қалалық әкімдіктің Facebook парақшасында айтылды.
«Құрметті қызылордалықтар! Қызылорда қаласында электр энергиясының мәселесі бойынша, АО «KEGOK» мекемесінің меншігіндегі 220кВ әуе желісінің бойында авариялық ақау болған. Соның салдарынан электр энергиясы кей жерлерде ағытылып, кей жерлерде әлсіз болып тұр» деп мәлімдеді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласынан хабарлама келіп түсті. Авариялық ақауды жойып, қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Алдағы 30-40 минутта барлығы қалыпты жағдайға қосылатынын хабарлаймыз. Ауыз сумен қамтамасыз ететін «Бас тоған» су алу құрылымында да жарықтың уақытша өшуіне байланысты насос қондырғылары уақытша тоқтатылды. Ауыз суды қайта беруге күш салынып жатыр. Қолайсыз жағдайға және атқарылып жатқан жұмысқа түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз» деп ескертеді әкімдіктен.