Қызылордада этноауыл жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында ұлттық өнерді дәріптеп жүрген дизайнер Аида Керімқұлова былтырдан бастап этноауыл ұйымдастырып, халық назарына ұсынып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада этноауыл жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді

Этноауыл қала орталығында дария арнасына жақын жерде орналасқан.

Алыстан көзге түсетін қазақтың киіз үйінің ішіне енген сәтте үзіктің шетін айналдыра тіккен оюдың әсемдігі бір бөлек.

Киіз үйдің айналасында екі алтыбақан құрылған. Сол аумақта қамыспен қоршалған садақ ату орны келушілердің қызығушылығын туғызады.

Бұл аумақта көпшілік садақ атып, арқан тартады. Балалар жағы атқа мініп, асық ойнайды.

Киіз үй ішінде ұлтымыздың барлық қолөнер туындысы жиылған. Кереге тұсқа ілінген ұлттық киімдер, батырдың бес қаруы, дала сал-серілері пайдаланған музыкалық аспаптар.

Қой жүнінен басылған текемет, ұсталар соққан кебеже, сандық, жозы, ағаш төсек, ыдыс-аяқтар мен үй шаруасына қажетті дүниелер.

Жоғарырақ ілінген қасқыр мен түлкінің терісін де байқайсыз.

Біздің қалада алғаш рет ашылған этноауыл жобасының жетекшісі Аида Керімқұлова 2011 жылы өзі құрған «Sapa ka» жеңіл өнеркәсіп орталығын құрған.

Бүгінде бір айда 2000 дана мектеп формасы, 100 дана ұзату көйлегі сынды жекелеген және мемлекеттік тапсырыстарды орындап жүр.

Орталықта 30 адам жұмыс істейді.

«Былтыр ғана ашылған этноауылды құрудағы мақсатымыз – қазақы дәстүрімізден қол үзбеу. Біз бұрын ғимарат ішінде осындай жоба істедік. Одан кейін «Досан» ауылында да болды. Бірақ ғимараттың тарлығы әсер етіп, «Досан» ауылындағы арақашықтық та келушілерге қиындық туғызды. Оның үстіне қазақты жылқыдан ажырата алмайсыз. Сондықтан орталықтан жер қарастырып, Қырғызстан және Ресейден араб тұқымды екі жылқы алдырдық. Қазір этноауыл көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр», - дейді ол.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада республикалық «Көктем нұры» оқушылар айтысы өткізілді.