Қызылордада қарт майдангерлерге қамқорлық жасауға баса назар аударылып отыр
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық көрсету дұрыс жолға қойылған,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Республикалық бюджеттен ҰОС ардагерлеріне 65 мың теңге, жекелеген категориялар бойынша 25 мың теңге және тыл ардагерлеріне 10 мың теңгеден берілетіні нақтыланды. Сонымен қатар Астана қаласында өтетін мерекелік шеруге біздің өңірден 10 ардагер баратын болса, Мәскеуде ұйымдастырылатын әскери шеруге 2 кісіге жолдама берілмекші. Сондай-ақ ардагерлердің ТМД елдері мен Қазақстанның өз ішінде теміржол мен әуе көлігі арқылы тегін жүруіне мүмкіндік жасалып отыр. Ал облыс ішінде қарт жауынгерлерге 4 рет, қалаішілік қоғамдық көліктерде 30 ретке дейін тегін жүруі ұйымдастырылуда.
Облыс көлемінде Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне арналған мәдени іс-шаралар басталып та кетті. Облыстық қорғаныс істері департаменті ҰОС ардагерлері мен кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 21 жыл толуына арнап «Ардагерлер - ел тірегі» тақырыбында кездесулер өткізді. Сонымен қатар департамент наурыз мерекесіне орай майдангерлерге ақ дастарқан жайып, құрмет көрсетпекші. «Департаменттің Жеңіс мерекесіне арналған көптеген мәдени іс-шаралар жоспары бекітілді, сол арқылы өңіріміздегі барлық қарт жауынгерлер қамтылады», дейді департамент директорының орынбасары, майор Ерлан Мұратбай. Сондай-ақ 9 мамыр - Жеңіс күніне арналған әскери шеруге дайындық жұмыстары қолға алынғанын да жеткізді.