Қызылордада конго-қырым қанды безгегінің ошақтары көбейген
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде кенелердің жұқпалылық деңгейі артқан. Осының салдарынан конго-қырым гемморрагиялық қызбасына эпизоотологиялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Мамандардың айтуынша, бұрын аталмыш аурудың энзотиялық ошақтарының аумағы кеңейіп барады. Бұрынғы жылдарда оған күдікті жағдайлар облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған және шиелі аудандарында ғана тіркелетін еді. Соңғы екі жылда ол Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында да тіркеле бастады. Ол аймақтарда кенелердің жұқпалылық деңгейі арта түскен.
«Соңғы жылдары конго-қырым гемморрагиялық қызбасының энзоотиялық ошақтарының таралу аймағының өзгеруі байқалуда. Бұрын Шиелі, Жаңақорғанда тіркелсе, соңғы 2 жылда өңірдің солтүстігіндегі Қазалы, Қармақшы, Арал аудандарында кенелердің жұқпалылық деңгейінің артуы байқалады»,- дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Үстіміздегі жылы конго-қырым геморрагиялық қызбасы бойынша күдікті ретінде 4 науқас анықталған. Ол адамдардың 3-і Қызылорда қаласынан болса, 1-і Қазалы ауданынан болып отыр. Дегенмен олардың диагноздары лабораторлық негізде нақтыланған жоқ, Өткен жылы облыс бойынша конго-қырым гемморрагиялық қызбасымен сырқаттануы мүмкін деген диагнозбен 27 жағдай тіркелген еді. Оның ішінде 2-і зертханалық тәсілмен нақтыланды. Дәрігерлер 1 адамның өміріне араша түсе алмады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Сыр өңірінде конго-қырым гемморрагиялық қызбасына эпизоотологиялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр.
Авторы: Әділжан Үмбет