Қызылордада контрабандашылар жазаға тартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 9 наурыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда қалалық сотының үкімімен пайда табу мақсатында қылмыстық жолға түскен контрабандашылар жазаға тартылды, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.

Қызылордада контрабандашылар жазаға тартылды

Сотта анықталғаны, 2010 жылдың сәуір айында Шымкент шаһарының тұр­ғындары Ш.Махаметов пен А.Өс­кен­баев Оңтүстік Корея Республикасынан бұрын пайдаланылған автокөлік шиналарын әкеліп, пайда табу мақсатында өзара қылмыс­тық келісімге келіпті. Сосын А.Өс­кенбаев мамыр айында Ин-Чон қала­сы базарынан сатып алған жалпы құны 16 млн. 689 мың теңгелік 4732 дана шиналарын үш контей­нерге артады. Бұлардың 1800 данасын ғана кедендік жүк деклара­ция­ларынан өткізіп, ресми құжаттарға жалған мәлімет енгізген ол 2 кон­тейнерді Ш.Махаметовтің, 1 контейнерді өз атына тіркеп, Қа­зақ­станға жібереді. Контрабандалық жолмен келген тауарлар артылған вагондар Қызылорда стансасына келгенде ұйымдасқан екеу кедендік рәсімдеу жұмыстарын жасамастан, оларды Шымкентке жөнелтеді. Осы дерекке байланысты облыстық қар­жы полициясы департаменті шілде айында қылмыстық іс қозғайды.

Тексеру барысында қылмыстық келісімге келген екеудің мемлекетке 3 921 395 теңге кедендік алымдар төлемегені анықталды. Биылғы қаңтар айында Қызылорда қалалық сотына жолданған бұл қылмыстық істің қорытындысы да шықты. Ол бойынша Ш.Махаметов - 3 жылға, А.Өскенбаев 2 жылға бас бостандықтарынан айырылды.