Қызылордада «Қорқыт және ұлы дала сазы» өнер фестивалі өтеді

        ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада үш жылда бір ұйымдастырылатын «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі биыл 27-29 қыркүйек күндері аралығында өтеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды....Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», - деп атап өткен болатын.

Ертең Өңірлік коммуникациялар қызметінде түркітілдес өнерпаз қонақтар мен фольклортанушы ғалымдардың қатысуымен баспасөз-конференциясы өтіп, шараның шымылдығы түріледі.

Фестиваль Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклінің көрсетілімінен басталады. Шара аясында, «Тұран таңбалары»  атты  Сыр елі қолөнер шеберлерінің этноархеологиялық көрмесі ұйымдастырылып, фольклор-танушы ғалымдардың, өнер зерттеушілері мен фестиваль қонақтарының қатысуымен  «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері"  тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді.

Бұдан бөлек, Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың 90 жылдығына арналған «Болат Сарыбаев және түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелері» атты ғылыми-практикалық  конференция жоспарланған.

Фестивальда Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Ресей (Татарстан, Башқұртстан), Түркия, Қытай елдерінің, сондай-ақ ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының өкілдері, көрнекті ғалымдар мен өнертанушылар  бас қосады деп күтілуде.

Сондай-ақ, меймандар рәміздер алаңы, облыстық тарихи-өлкетану музейі және қаланың тарихи орындарымен танысады деп күтілуде.  Қорқыт Ата мемориалды ескерткішіне барып, «Салт-дәстүрі сақталған Сыр елі» атты этноауыл көріністерін тамашалайды.

«Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің салтанатты ашылуы 28 қыркүйек күні сағат 19.00-де болады. 

Шараның гала-концерті және жабылу салтанаты 29 қыркүйекте сағат 18.00-де Қорқыт Ата мемориалды кешенінде өтеді.

Фото BNews.kz

Соңғы жаңалықтар