Қызылордада көшбасшы әйелдер бас қосты
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
Жиында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, Ақмарал Әлназарова, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Ирина Бәкішева, облыстық мәслихат депутаты Райхан Ысқақова мемлекетімізде әйелдердің көшбасшылығы айқындалып, қоғам мен мемлекет тарапынан нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері жоғары бағаланып келе жатқандығын атап өтті.
Айта кеткен жөн, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі аясындағы әрбір шара мен қолға алынған бастаманың қоғам үшін маңызы ерекше болмақ. Солардың бірі - Сыр өңірінде жақында ғана ашылған «Көшбасшы әйелдер» мектебі.
Қоғамда әйелдердің белсендігін одан әрі арттыру, тұрмысты жақсартып, түрлі салаға бейімдеу мақсатында ашылған мектеп аз уақыттың ішінде тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Бүгінде мектептің 40 түлегі тұлғалық өсу, отбасылық өмір, қаржылық сауаттылық, табысқа жетудің тиімді жолдары, көшбасшылық секілді түрлі бағытта білімдерін жетілдіріп, бағыт-бағдар алды.