Қызылордада күн және электр стансалары салынады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде күн және электр стансаларының құрылысын жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада күн және электр стансалары салынады

Қазіргі таңда осы мақсатта Қытайдың CNEEC мемлекеттік инженерлік компаниясымен келіссөз жүргізілуде. Осы арқылы қалада «Smart city» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл компания әлемнің 70-ке жуық елінде жылу, жел және су электр стансаларын салған. Сондай-ақ, қоқыс өңдейтін зауыттар салу ісінде де жинақтаған тәжірибесі бар.

Қызылорда өңірі күн көзі жөнінен белсенді аймақ екені белгілі. Атап айтқанда, жаз мезгілінде оның белсенділігі айқын аңғарылады. Ол қуаттылығы жоғары күн электр стансасын салуға мүмкіндік береді. Ал «Ақлақ» қоймасында 20-25 мегаваттық су электр стансасын салуға болады.

Сыр өңірінде қоқыс өңдейтін зауыт салуға да маңыз беріліп отыр. Ол аймақта қалдықтарды өртеу және электр энергиясының белгілі мөлшерін шығаруды көздейтін екі міндетке негізделген.

Сыр өңірінде «Smart city» (Ақылды қала) жобасын жүзеге асыру үшін Қытайдың әлемге танымал «Huawei» компаниясымен өзара әріптестік туралы меморандум жасалған. Осы бағыттағы алғашқы жобалар Қызылордада Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа бөлігінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде қолға алынады деп күтілуде.

Әділет ҚАҢТАРБАЕВ