Қызылордада М.Сатыбалдиевтің жүлдесіне арналған веложарыс болып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Қызылордада велоспорттан әлем чемпионы КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Марат Сатыбалдиевтің жүлдесіне арналған 1996-1997 жылдары туған жасөспірімдер арасында республикалық веложарыс болып өтті.
Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа Алматы қаласы, Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан 6 команда қатысты.
Жарыс 4 кезеңде өтті. Оның 50 шақырымдық додасында алматылық Шахназар Мамытов, 25 шақырымдық жарыста Алматы қаласының командасы озып келді. Ал 70 шақырымдық топтық сайыс пен 30 шақырымдық критериумде Батыс Қазақстан облысынан келген Артур Әбухановтың бағы жанды. Жекелей есепте Ш.Мамытов топ жарды. Командалық есепте Қызылорда қаласының, екінші орынды Алматы қаласының, үшінші орынды Алматы облысының құрамалары жеңіп алды.
Жарыста «Ең белсенді шабандоз» аталымын Ербол Бостанов (Алматы облысы), «Ең жас шабандоз» Данил Александров (БҚО), «Жеңіске ынтасы үшін» Акмал Жанәлиев (ОҚО) марапатталды.