Қызылордада Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 16 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын болып өтті.
Аймақ ақ халатты жандарының атаулы мерекесіне облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысып, сала қызметкерлері мен ардагерлерін жылына бір айналып келетін мерейлі күндерімен құттықтады. Аймақ басшысы атап өткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашаннан қазақстандықтардың денсаулығы мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының тікелей бастама көтеруімен осыдан бірнеше жыл бұрын «100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы пайда болды. Соның арқасында орталықтан шалғай жатқан көптеген елді мекендерде жұртқа аса қажетті медициналық мекемелер салынды. Қазір мемлекет «2011-2015 жылдарға арналған Саламатты Қазақстан» бағдарламасының табысты жүзеге асырылуын мұқият қадағалап отыр. Біздің елімізде жоғары кәсіби деңгейдегі медициналық кадрларды даярлау ісіне де айрықша мән беріледі. Бұл ең алдымен саланы қаржыландыру мәселесінің жақсара бастағанынан көрініс табады. Осының негізінде облыс соңғы жылдары тұрғындар денсаулығын жақсарту бағытында жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, жалпы аурушаңдық өңірде 11,7 пайызға төмендесе, онкологиялық сырқат түрлерінің 1,3 пайызға азайғаны байқалады. Сол сияқты туберкулезбен ауырушылар қатары 8,8 пайызға кеміді. Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жас дәрігер кадрларды тарту жақсы жолға қойыла бастады.
Облыс әкімі жиын соңында бір топ медицина қызметкерлерін өнегелі қызметтері үшін құрмет грамоталарымен марапаттап, тағы бір топ дәрігерге «Денсаулық ісінің үздігі» белгісін тапсырды.
Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.