Қызылордада Мұстафа Шоқайдың ескерткіші жақында тұғырына қонады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Мүсінші Көшер Байғазиев жасаған Мұстафа Шоқай ескерткіші лайықты орын табылса, тұғырына қонуға дайын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығының брифингінде облыстық мәдениет, архивтер және құ­жат­тама басқармасы басшы­сының міндетін атқарушы Мира Әбуова айтып берді,-деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қызылордада Мұстафа Шоқайдың ескерткіші жақында тұғырына қонады

- Осыған дейін таңдалған орны екі рет ауысты. Қоятын жер анықталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, ескерткішті қазір апарып орнатуға бармыз, - деді ол. 

Брифингте салада атқарылған жұмыстар айтылды. Былтыр Жаңақорған ауданындағы Талап ауылдық округіне қарасты Бесарық елді мекенінде ауылдық клуб ашылды. «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 8 клуб пен 1 кітапхана жөнделді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қайта жаңғыртылып, Шиелінің Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне арнап жаңа ғимарат салынды. Ежелгі қалашықтарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 9 жәдігеріміз ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізімінен орын тапты. Облыстық филармония басқа қалаларда, алыс-жақын шет елдерде концерттер берсе, көрермен назарына Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры 223 спектакль ұсынды. 

- Осы жылы «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астанада облыстың өнер күндерін, «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фес­тивалін, суретшілер симпозиумын ұйымдастыру жоспарланып отыр, - деді басқарма өкілі. 

Жалағаш ауданының Мәдениет, Шиелі ауданының Еңбекші ауылдарында клуб салынса, Қазалы ауданының Жалаңтөс батыр ауылындағы клуб пен Қызылордадағы архивтер ғимараты пайдалануға беріледі.