Қызылордада облыс әкімінің жүлдесіне арналған спартакиада мәреге жетті

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Қызылордада облыс әкімінің жүлдесіне арналған спартакиада мәреге жетті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қызылордада облыс әкімінің жүлдесіне арналған спартакиада мәреге жетті

Мемлекеттік және ведомство қызметкерлері арасындағы XVIII дәстүрлі спартакиадаға аймақта 24 команда құрамында 1000-нан астам мемлекеттік кызметші қатысты. Олар спорттың 10 түрінен сынға түсті. Спартакиада оған қатысушы құрамалардың шама-шарықтары мен мүмкіндіктері деңгейлеріне қарай екі топқа бөлініп өткізілді. Мұның бірінші тобына мықты командалар тоқайласты.

Спорттың әр түрі бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар естелік сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды. Ал жалпы есепте жеңіске жеткен командалар ауыспалы кубок, дипломдар алды. Осылайша бірінші топта бірінші орынға облыстық білім басқармасының командасы шықса, екінші орынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрамасы иемденді. Тұғырдың үшінші сатысын Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің ұжымы еншіледі. Ал екінші топ командалары арасында Қызылорда қаласы әкімдігінің алдына түскен ешкім болған жоқ. Екінші орынға облыстық қазынашылық департаментінің, үшінші орынға облыстық салық департаментінің командалары орналасты.