Қызылордада өрт болып, 25 адам эвакуацияланды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең 8:23 шамасында Қызылордада «101» нөміріне Қорқыт ата көшесі №3 А тұрғын үйдің 5-қабатындағы балкон жанып жатқаны туралы хабар келіп түсті.
Хабар түсісімен 08 сағат 30 минутта оқиға орнына 2 техникасымен Қызылорда облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен жауынгерлік есеп жетті, ал 08 сағат 32 минутта арнайы техникамен №2 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлік есебі келді.
Тұрғын үйдің 4 және 5-қабаттағы балкондары жанып жатқандығы анықталып, бірінші және екінші подъезден 25 адамды қауіпсіз орынға шығарылды, оның ішінде 7-еуі бала. 4-қабаттағы №27 пәтердің есігі жабық болғандықтан бұзып, ішінен әйелді сыртқа алып шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД-ге сілтеме жасап хабарлады.
Жедел іс әрекет арқасында өрт оқиғасы барысында қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. 08:39 сағатта өрт толығымен сөндірілді. Өрттің ауқымы 38 шаршы метрді құрады. Өрттің себебі анықталуда. Тұрғын үй тұрғындары жедел әрекет етіп, өрттің одан әрі өршіп кетпеуіне үлес қосқан өрт сөндірушілерге алғыс білдірді.