Қызылордада өзбекстандық үш адам құлдықтан босатылды

Атап айтқанда, өзінің жеке иелігіндегі аумақта коммерциялық нысан салып жатқан Қызылорда қаласының тұрғыны Өзбекстанның Юлдашев, Маматқұлов, Хакимов есімді үш азаматын заңсыз негізде ұстап, жұмысына жегіп қойған. Гастербайтерлердің құжаттарын алып қойған байшыкеш оларды күнделікті ішетін тамақтарының есебінен жұмысқа салған. Өзбектер күндіз құрылыста жұмыс жасаса, түнде қожайыны оларды темір вагонның ішіне қамап қойып отырған. Ал вагонның ішінде адам тұруға керекті қарапайым нәрселердің өзі болмаған.
Өзбекстан азаматтарын бұл құлдықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлері құтқарды. Полицейлер бұл үшеудің де Қазақстанға табыс табу үшін емес, қонақ болып келгендерін анықтады. Оларда жұмыс жасауға рұқсаттары болмаған. Соған қарамастан, жалданып жұмыс істеуге тәуекел еткен. Нәтижесінде ары таза емес адамның қолына түскен. Ақшасыз, құжатсыз қалған олар тегін жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Қазір аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.