Қызылордада полицейді жарақаттаған бұзақы ұсталды

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады
«25 мамырда облыстық ішкі істер департаменті жедел басқару орталығынан қалалық ішкі істер басқармасы Ақсай полиция бөліміне қала орталығындағы мектеп маңында бір топ баланың төбелесіп жатқаны туралы дабыл түсті. Артынша оқиға басына жеткен полиция тобы әлгілерді ұстайды. Одан соң Ақсай ПБ-нің тергеу тобы жеткен кезде, үстінде қара костюм киген белгісіз азамат автокөлік ішінде полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Полицейді басымен қатты соғып, дене жарақатын салған», - делінген хабарламада.
Тексеру барысында полиция қызметкеріне күш көрсеткен бұзақының Қызылорда қаласының 1996 жылы туған М.Р. деген тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде.
Егер күдіктінің қылмысы толық дәлелденсе, 200 айлықтан 500 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.