Қызылордада сал ауруымен ауырған балаларды жылқымен серуендету арқылы емдеуде

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облысында балалардың денсаулық жағдайы ерекше назарда. Соңғы 4-5 жылда осы бағытта бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асты. Соның бірі кеше Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ашылған иппотерапия орталығы. Инклюзивтік бағыттағы «Шағбан» жеке балабақшасы жанынан ашылған орталықта мамандар сал ауруына шалдыққан балғындарды жылқымен серуендету арқылы емдейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада сал ауруымен ауырған балаларды жылқымен серуендету арқылы емдеуде

Қазір мұнда 100-ге жуық бала ем алып жатыр. Жобаға қолдау көрсеткен жергілікті кәсіпкер Қанат Смағұлов орталықты көлікпен қамтамасыз етіп, орталыққа жылқыларды жеткізіп, емдеу шараларын жүргізетін алаң дайындап берді.

Жоба жетекшісі Жапырақ Ұзақбаеваның айтуынша, бұл ем сал ауруына шалдыққан балалар үшін аса қажет. Сонымен қатар иппотерапия жүйке ауруларына шалдыққан балаларға да пайдалы, тек жаттығуды дұрыс жоспарлау қажет. Жылқымен жеңіл желіп, баяу серуендегенде, адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Ол - массаж, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшық еті жұмыс істейді. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Жылқы - нағыз табиғи тренажер.

Иппотерапиядан бөлек «Шағбанда» «АМЕТИСТ» инновациялық бағдарламасы арқылы аутизмі бар балаларды емдеудің жаңа тәсілдері қолданылады. Бұл бастама «Балапан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Орталықтың ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Шағбан» мамандарының тәжірибесін аймаққа тарату қажеттігіне назар аударды.

«Облыстағы мүмкіндігі шектеулі 5062 баланың 2238-і инклюзивті біліммен қамтылды. Сіздер ата-бабамыздың дәстүрін насихаттап, балаларды атқа мінгізу арқылы сауықтырып қана қоймай, сонымен қатар үлкен өмірге жол ашып беріп отырсыздар. Біз «Шағбан» балабақшасының тәжірибесін облыс көлемінде насихаттап, қолдап, оның жұмыс аясын кеңейтуге мүдделіміз. Алдағы уақытта облыстық әкімдік тарапынан бұл жұмысты зерттеп, тәжірибенің әрі қарай жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасаймыз,- деді аймақ басшысы.