Қызылордада Шоқайтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.
Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа орталықтың құрылуына «Мұстафа Шоқай - Алаштың алып тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қабылданған ұсынымдар негіз болған. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасымен Мұстафа Шоқайдың шығармашылығын зерттеу, тың деректерді ғылыми айналымға ендіру үшін осы орталық ашылып отыр. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, М.Шоқайдың 12 томдық шығармалар жинағын құрастырушы «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Көшім Есмағамбетов, саяси ғылымдарының докторы, профессор, Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеуші ғалым Әбдіжәлел Бәкір, Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қордың төрағасы Базарбай Атабаев қатысты.
Орталықтың ашылу салтанатында алғашқы сөзді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов сөйлеп, жаңа орталық оқу орнында білім алушылардың рухани патриоттық сезімінің нығаюы жолында маңызды екендігіне тоқталды.
«Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығында көрнекті қайраткердің суреттері, жазған еңбектері көрмеге қойылған. Сондай-ақ жаңадан ашылған арнайы орталықта Мұстафа Шоқайдың бюсті орналасқан.
Шара барысында Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қордың төрағасы Базарбай Атабаев Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайды зерттеудегі еңбегі үшін Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен марапатталды.
Айта кетерлігі, жас ұрпаққа түркі халықтарының көсемі Мұстафа Шоқайдың мол мұраларын таныстыру, насихаттау үшін 2016-2017 оқу жылынан бастап университеттегі бакалавриаттың гуманитарлық-педагогикалық мамандықтары студенттеріне «Шоқайтану» арнаулы курсы енгізіліп, оқытылуда.