Қызылордада сол жағалаудағы қала құрылысы басталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін көптен күткен Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың бірінші шағын ауданының құрылысы басталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғашқы құрылыс нысандарының іргетасын қаласып, сырбойылықтарды осынау тарихи сәтпен құттықтады, - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттің өркендеуі жолындағы барлық бастамалар Ұлт Көшбасшысы, Елбасының есімімен тікелей байланысты. Бүгінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің экономикасы кемелденген, дамудың даңғыл жолын ұстанған қуатты мемлекетке айналды. Біздің аймағымызда жасалынып жатқан игілікті істердің барлығы да Елбасының тікелей қолдауының және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты көрінісі», - деді аймақ басшысы.
Сол жағалауда бірінші кезекте бөлінген 9,8 га аумақта бүгін 18 көпқабатты тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның құрылыс жұмыстары басталды. Мұндағы нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаттары есебінен және мемлекеттік-жекешелік әдісімен салынуда. 
Сонымен қатар осы шағын ауданда жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің, онкологиялық орталықтың және жаңаша салынған Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратында қала мұражайы бой көтеретін болады. Олардың жобасы дайын, қаржыландыру мәселелері негізінен шешілген, 600 орындық мектеп пен тағы бір 320 орындық балабақша құрылысы жобалануда.
Естеріңізге сала кетейік, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында жалпы көлемі 1 532 гектар аумаққа бүгінгі талаптарға сай заманауи үлгідегі жаңа қала салу жобасы қолға алынып, былтыр Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында алғашқы нысан - ұзындығы 1,2 км автомобиль көпірі пайдалануға берілді.
