Қызылордада сора өсірумен айналысқан 3 азамат ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Республика аумағында жүргізіліп жатырған «Көкнар» жедел-профилактикалық шарасы барысында қызылордалық полицейлер Ұлттық Ұланның және Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің қызметкерлерімен бірігіп Кармақшы ауданы, Қуаңдария ауылдық округінен 8 км қашықтықта есірткі заты өсіп тұрған алқапты анықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап хабарлады.

Қызылордада сора өсірумен айналысқан 3 азамат ұсталды

Жуырда өсіруге заңмен тыйым салынған 2305 түп сора өсімдігін күтіп-баптап жатырған жерінен 37 жастағы, 34 жастағы және 33 жастағы үш қала тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында, аталған өсімдіктің жалпы салмағы 461 кг құрады.

Сонымен қатар, аталған аумақтан ыдыс-аяқтар, есірткі затын өсіруге және тұтынуға арналған құрал-саймандар мен өзіне тән иісі бар жасыл түсті заттек салынған 2 қап анықталды. Анықталған шөптектес  затқа сараптама тағайындалып, нәтижесінде оның «кептірілген марихуана» екендігі белгілі болды.

Қазіргі таңда аталған үш азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 300-бабы 2-бөлігі және 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Үш азамат та Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің Уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.