Қызылордада сотсыз татуласу орталығы ашылады
Оған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы және облыстық соттың судьясы Әділхады Шығамбаев қатысты.
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбеттің хабарлауынша, өткен жылы бірінші саты соттарының өндірісіне 2018 қылмыстық іс келіп түскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,8 процентке көбейіп отыр.
«Қалдықтағы 64 істі қосқанда өндірісте барлығы 2082 қылмыстық іс болған. Оның ішінде 2420 адамға қатысты 1964 қылмыстық іс аяқталған. Сонымен қатар, өткен жылы сыбайлас жемқорлық санатында 71 адамға қылмыстық іс қаралды. Ал, медиация тәртібімен 481 іс шешілген», - деді Б.Қалымбет.
Айта кетейік, алдағы уақытта Жоғарғы сот қоғамдағы дау-дамай деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін пилоттық жоба дайындалады. Сотсыз татуласу орталығын ашуды алғаш болып Қызылорда қаласы жүзеге асырмақ. Онда медиаторлар, адвокаттар, нотариустар, психологтар, сот орындаушылар көмек көрсететін болады.