Қызылордада сотталғандардың 75 пайызы жұмыспен қамтылған

Департамент бастығының айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық байқау комиссиясы сотталғандарды адамгершілік бағытта тәрбиелеу және бостандыққа шыққан соң түрлі жат қылықтардан аулақ ету мақсатында 10 дәріс өткізген.
Нәтижесінде, мекемелерде сотталушылардың ішкі тәртіп ережесін бұзуының жалпы саны 22 пайызға азайды, яғни 1 мың адамға шаққандағы бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 85-тен 61-ге төмендеп отыр.
Қатаң режімдегі түзеу мекемелерінде орта білімі жоқ сотталғандарға арналған жалпы білім беретін мектептер жұмыс жасайды. Көрсетілген мектептерде білім алу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. 2015-2016 оқу жылының IV тоқсанында білім алушы сотталғандардың жалпы саны 42, оның ішінде мемлекеттік тілде білім алушылар - 24-ті құрады.
Қазіргі уақытта Қызылордада түзету мекемелеріне кәсіпкерлерді көптеп тартудың арқасында еңбекке ұмтылушылар саны артып отыр. Мәселен, облыс орталығындағы ЗК-169/4 мекемесінде жазаларын өтеп жатқан 50-ге жуық сотталушының дені кірпіш зауытында тер төгеді.
Жергілікті билік органдары мен бизнес құрылымдары бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде қазіргі уақытта облыс бойынша сотталғандарды жұмыспен қамту көрсеткіші 75,1 пайызды құрады.
Барлығы 10 кәсіпкер түзеу мекемесінің өндірістік аймағынан өз бизнестерін ашып (кірпіш зауты, тігін цехы, газоблок цехы, брусчатка, мүсін цехы, қолөнер цехтары, дәнекерлеу цехтары және қоян асырау). Онда 9 айда орташа есеппен 196 сотталған жұмысқа орналастырылды. 5 сотталған жеке еңбек қызметімен айналысуда.
Алдағы уақытта, сотталғандар тарапынан жасалуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, толық жұмысқа тарту үшін ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аймағына табиғи газ кіргізіп, қосымша кірпіш күйдіру, әк және сабын шығару цехтарын ашу жоспарлануда.
Облыстық прокуратурамен бірлесіп ұйымдастырылған «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 іс-шарасы», «Сотталғандарды жұмыспен қамту-2017», Қайта әлеуметтендіру: «Сен қоғамға керексің» түрме реформалары аясында өңірлік форум өткізілді. Форумға жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және облыстағы кәсіпкерлік субъектілері қатысты. Форум аясында сотталғандардың қолдарынан шыққан өнімдер көрмесі ұсынылды.
Қайта даярлау шеңберінде қауіпсіздігі барынша жоғары ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтейтін сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беру жұмыстары жолға қойылған. Жергілікті бюджет есебінен мамандарды даярлау үшін Қызылорда политехникалық колледжі мен Қызылорда құрылыс және бизнес колледжімен келісім шарт жасалды. Осылайша, жазаларын өтеуші 50 адам «газбен және электрмен пісіруші» және «ағаш ұстасы» мамандықтары бойынша білім алуда.