Қызылордада су ресурстарын пайдалану мәселелері талқыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясының 73-ші отырысы өтті. Онда су ресурстарын пайдалану және қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылордада су ресурстарын пайдалану мәселелері талқыланды

Халықаралық іс-шараға Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Тәжікстан Республикасының энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Султон Рахимзода және Түрікменстан су және ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Магтымгулы Байрамдурдыев қатысты.
null

Комиссия отырысында  2017-2018 жылдардағы Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі вегетацияаралық кезең қорытындысы талқыланды. 2018 жылғы вегетациялық кезеңде су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс кестесі бекітілді. Сондай-ақ, «Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын кешенді басқару пайдалану және қорғауына ақпараттық-талдау қамтамасыз ету және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөнінде» келісім жобасы бекітілді. Одан бөлек, қатысушылар мемлекетаралық комиссияның жұмысын одан әрі күшейту мәселелерін талқылап, комиссияның 74-ші отырысын өткізу бағдарламасы мен орнын келісті.

nullТүстен кейін олар Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті. Жүздесу барысында аймақ басшысы комиссия жұмысының көрші мемлекеттер арасында су шаруашылығы мәселелерін реттеудегі маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының құрылғанына 25 жыл болды. 1993 жылдың 25 наурызы күні Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Қызылорда қаласында өткен саммитінде  аталмыш қорды құру жөнінде шешім қабылданған. Ал Орталық Азия елдерінің су ресурстарын бірлесе басқару жөніндегі әріптестігіне биыл тура ғасыр толып отыр.  Тарих деректеріне сүйенсек, 17 маусым күні «Түркводхоз» бұрын құрамында комиссия мүшелері болған Түркістан республикасының су шаруашылығы басқармасының құрылуына 100 жыл болды.

«Арал теңізі мәселесі жеке бір аймақ немесе елдің шеңберінен шығып, бүкіләлемдік деңгейдегі күрделі мәселеге айналды. Жағдайды жақсарту үшін су ресурстарын тиімді пайдаланып, су алу лимиттерін сақтау бойынша жұмысты әрі қарай күшейту керек. Осы мәселелер 15 наурыз күні Астана қаласында Мемлекет басшылардың кездесуінде талқыланған болатын. Ал тамыз айында Түрікменстан астанасы - Ашхабадта Халықаралық Арал теңізін құтқару қорына қатысушы елдер мемлекет басшылары кеңесінің отырысы жоспарлануда»,-  деп атап өтті облыс әкімі. Мемлекет басшыларының отырысына орай комиссия жұмысын әрі қарай жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленетін болды.  

Кездесуге қатысушылар комиссия отырысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның жұмысына барынша ықпалдастық жасалғанын атап өтті. Мәселен, Өзбекстан Республикасының Су ресурстары министрі Шавкат Хамраев: «Суды пайдалану мәселелері Орталық Азия елдері үшін аса маңызды. Сондықтан біз өз тарапымыздан осы салада әріптестік қарым-қатынас орнатуға дайынбыз», - деді.  

Мемлекетаралық комиссияның 74 отырысы Ашхабад қаласында үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өткізіледі деп жоспарланып отыр.

 Айта кетелік, мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы 1992 жылы Орталық Азия елдерінің Арал теңізі бассейніндегі су шаруашылығы мәселелері бойынша шешім қабылдау алаңы ретінде құрылған болатын.

Әділжан Үмбет