15:33, 24 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Кеше Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Оған облыс әкімі Болатбек Қуандықов төрағалық етті. Комиссия жұмысына облыстық және аумақтық басқармалар басшылары, Қызылорда қаласы мен аудандар әкімдері қатысты.
Отырыста облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Ниязов күн тәртібіндегі «Қаржы полициясы органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастыру жұмыстарының нәтижелері туралы» хабарлама жасады. Биылғы жылдың 8 айында облыста бұл салада бірқатар жұмыстар атқарылған. Соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлық сипатында 56 қылмыстық іс ашылды. Сыбайлас қылмыс бойынша келтірілген 9,6 млн.теңге залал мемлекет пайдасына өндірілген. Отырыста сондай-ақ Қармақшы ауданының әкімі Биғали Қаюпов, Жалағаш ауданының әкімі Қайрат Бекенов күн тәртібіндегі мәселе бойынша есеп берді.