Қызылордада Тәртіптік кеңес мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарын бұзғандардың мәселесін қарады

ҚЫЗЫЛОРДА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда облыстық тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Ол негізінен мемлекеттік сатып алу заңнамалары талаптарының орындалуына көз жұма қараушылардың деректері бойынша мәселе қарады.  

Қызылордада Тәртіптік кеңес мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарын бұзғандардың мәселесін қарады

Қармақшы аудандық тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы М.Еркебаев «Дорстрой» ЖШС-мен жасалған келісім-шартта өрескел қателікке жол берген. Онда тұрақсыздық айыбы 0,1 пайыздың орнына 0,01 пайыз болып көрсетіліп кеткен. Бұл өз кезегінде мердігер мекемеге заңда көзделмеген артықшылық жасау болып есептеледі. Бір қуан­тарлығы, мердігер мекеме жұмысты келісім-шартта көрсетілген мерзімде аяқтап, мемлекетке қандай да бір зиян келтірілген жоқ.

Шиелі ауданы Жуантөбе ауылының әкімі Е.Ахметов құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензиясы жоқ кәсіпкермен келісім-шартқа отырған. Мұнымен қоймай, жұмыс толық аяқталмастан оған қаржысын толық аударып береді. Осыған орай қаржы полициясы қылмыстық іс қозғайды. Бірақ әкім талай жерге жүгіріп жүріп, мемлекетке келген зиянның орны толғанын дәлелдейді. Сондықтан да қылмыстық іс алынып, ол Тәртіптік кеңес қарауына жіберілген. Кеңес мүшелері аталған екі жағдайда да жауапты тұлғалардың өздерінің кінәсін мойындайтынын, мемлекетке зиян келмегенін және оқиғалардың орын алғанына бір жылдан асып кетуі себепті қатаң жазаға бармау туралы шешімге келді.

Тәртіптік кеңес отырысында сондай-ақ, кеңес жұмыс жос­парына сай, Арал ауданының бірқатар мемлекеттік орган­дарында жүргізілген тексерулер нәтижелері жарияланды. Жіберілген кемшіліктерді заң талаптарымен сәйкестендіру, құқық бұзушылықтың алдын алу, орын алған құқық бұзушылықтарға жауапты қызметкерлерге жауапкершілігін қарап шешу туралы аудандық әкімдікке ұсыныс берілді.