Қызылордада түйе сүтін өңдейтін зауыт салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыс орталығында тәулігіне 3 тонна ет өнімдерін өндіретін фабрика құрылысы, Сырдария ауданында 5 мың бас қой өсіруге арналған кешен және 10 мың бас малға арналған бордақылау алаңы мен жылдық қуаты 250 тонна болатын ет комбинатының құрылысы жүруде.

Қызылордада түйе сүтін өңдейтін зауыт салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр

Бұл нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі бүгін журналистермен өткен брифинг кезінде айтып берді.

Қытай инвесторларымен бірге Қызылорда қаласында түйе сүтін өңдейтін зауыт құрылысын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Нысанның құрылысына қажетті құжаттар дайын.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде Жаңақорған ауданында томат пастасын өндіру кешенін құру жобасы жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда, қызанақтың оңтайлы түрін анықтау үшін қытайлық инвесторлармен («Сofco» компаниясы) бірлесе отырып 2 гектар жерге томаттың түрлі сорттары егіліп, эксперимент жұмыстары басталып кетті. Ал келер жылдан бастап бұл тәжірибе 4 мың гектар жерге дейін ұлғайып, бұйырса жылдық қуаты 15 мың тонна болатын томат өндіру зауыты іске қосылады.

«Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңды жүзеге асыру мақсатында облыста 26 ауылшаруашылық кооперативтері құрылды.