Қызылордада үш тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында байқау өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылордада облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтап, қолдау мақсатында «Тіл шебері - 2016» облыстық байқауы өтті. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.

Байқауға Қызылорда қаласы, Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандарында өткен іріктеу сайыстарының жеңімпаздары, облыстық басқармалар мен департаментінің қызметкерлері, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Олар байқаудың «Мәдениеттаным» деп аталатын бөлігінде қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап берсе, «Ұлттаным» бөлігінде қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс, ағылшын тілдерінде жауап берді. Ал «Өнертаным» деп аталатын бөлігінде үш тілде берілген жаңылтпашты 3 рет қайталап айтудан сынға түсті.
Талапкерлердің білімін Қорқыт Ата атындағы  Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Сәдуақасұлы басқарған қазылар алқасы бағалады. Қорытындысында облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Ә.Амангелдиев І орынды жеңіп алса, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы бас маманының міндетін атқарушы Ә.Мәди ІІ орынды, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Т.Еркебаев ІІІ орынды иеленді.

Жүлдегерлер басқарма дипломдары мен ескерткіш сыйлықтарын иеленді. Жеңімпаз республикалық байқауға жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар