Қызылордада «Үздік бірлестік жетекшісі» байқауы болып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Қызылордадағы № 6 кәсіптік лицейдің мәжіліс залында «Үздік бірлестік жетекшісі - 2012» атты байқау болып өтті.
Оны облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты ұйымдастырды.
Байқауға облыс орталығындағы 4 кәсіптік лицейден 8 бірлестік жетекшісі қатысты. Сайыс бес конкурстық тапсырма бойынша өткізілді. Онда жетекшілер өз әдістемелік бірлестігі жұмыстарын қазылар алқасы назарына ұсынып, табиғи таланттары бойынша күш сынасты. Сайыс кезінде бірлестік жетекшілерінің жылдық жоспары және басқа да іс-құжаттарының жүргізілуі мен жасалуы сараланып, ашық сабақ, педагогикалық оқылымдарды өткізу әдістемелері қаралды. Бұдан бөлек, күрделі педагогикалық және кәсіптік мәселелерді шеше алатын жеке қасиеттерін, эстетикалық талғамдарын, ситуациялық жағдайдан шыға білу тапқырлығы мен жеке өнерлерін көрсетті.
Байқау қорытындысында бірінші орынды №6 кәсіптік лицей өкілі Бибіжан Тобжанова, екінші-үшінші орындарды Зәуреш Сыздықова (№9 КЛ) мен Майра Төлепова (№7 КЛ) жеңіп алды. Жүлдегерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.