Қызылордада үздік еңбек әулеттері марапатталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Еңбек күніне орай Қызылордада Еңбек әулеттерінің 4-інші форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Еңбек әулеттері арасында өткізілген сайыстың жеңімпаздары болып Қазалы ауданындағы Жадиевтердің педагогтар отбасы (36 адам бар, педагогтық барлық еңбек өтілі 812 жылды құрайды), теміржолшылар Наурызбаевтар жанұясы (8 адам, жұмыс өтілі барлығы 236 жыл), Арал ауданынан дәрігерлер Қорғамбаевтар отбасы (4 адам, жұмыс өтілі 78 жыл), жалағаштық су шаруашылығы саласының қызметкерлері Табынбаевтар (8 адам, жұмыс өтілі 98 жыл) және Шиелі ауданынан омарташы Тоқтыбаевтар отбасы (10 адам, жалпы жұмыс өтілі 80 жыл) танылды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, Сыр өңірі қашанда адал еңбеккерлерімен аты шығып келгенін атап өтті.

Қызылорда облысында «дала академигі» Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбектің Ері болған. Ер азаматтармен бірге Шырынкүл Қазанбаева, Салима Жұмабекова, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Закира Ержанова секілді Еңбек Ерлері өскелең ұрпаққа өнеге. Тәуелсіздік жылдары олардың қатарын атақты жерлестеріміз кәсіпкер Абзал Ералиев және хирург Юрий Пя толықтырды.

«Біз еліміздің дамуына үлес қосқан еңбеккерлеріміздің еңбегін бағалаймыз. Айта кетейік, Елбасының 2013 жылғы қараша айындағы бұйрығына сәйкес, осымен 4-ші жыл «Еңбек күнін» атап өтудеміз», - деді облыс әкімі.

Барлық қатысушы отбасылар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ, форум аясында «Еңбек жолы» республикалық форумының жергілікті өңірде өткен сайысының жеңімпаздары, «Ең үздік еңбек династиясы» номинациясында Мәриямкүл Тұңғышмұратова, «Жұмысшы жастардың жетекшісі» номинациясында Шәркүл Есқожа, «Өнеркәсіптегі ең жас жұмысшы» номинациясында Раушан Жұмашева марапатталды.
Тағы бір атап өтетін жайт, Елбасының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 88-қадамда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру тапсырылды. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум