Қызылордада заңсыз қоян атқан 4 азамат қамауға алынуы мүмкін

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы 21 қараша күні таңғы сағат 09.00 шамасында «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының 12-шақырымында атып алынған 54 дана қоянды алып бара жатқан 4 азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.

Қызылордада заңсыз қоян атқан 4 азамат қамауға алынуы мүмкін

26, 41, 62, 63 жастағы аталған азаматтар тәртіп сақшыларының экологиялық қылмыстарға қарсы жедел жұмыстарды жүргізу барысында ұсталған. Ұсталғандардың көліктерін тінту барысында автокөліктің жүксалғышынан 3 дана аңшы мылтығы табылды. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Облыстық ІІД мәліметтері бойынша, ұсталғандардың қылмыстық әрекеті дәлелденсе, олар белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейiнгi мерзiмге айырылады. Сондай-ақ оларға үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынып, түзеу жұмыстарына немесе екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Сонымен қатар олар жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы да мүмкін.