Қызылордада жаңа шағын аудан пайдалануға беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында шағын аудан пайдалануға берілмек. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес бүгінде облыс аумағында 1 747 пәтерлік яғни 69 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Кемінде 55-ін биыл іске қосамыз, олардың қатарында Сырдарияның сол жағалауындағы 14 көппәтерлі тұрғын үйден құралатын тұтас шағын ауданды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», -деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің айтуынша, 2013 жылдан бастап қолға алынған аймақтағы апатты жағдайдағы кезекте тұрған үй иелерінің мәселесі 2017 жылы оң шешімін тапты. Бүгінгі таңда өңір бойынша апатты жағдайдағы үйлердің орнына 645 отбасы үшін жаңа жайлы баспана салынды.
«Соңғы 3 жылда жеке тұрғын үй құрылысы шеңберінде 24 мыңнан астам жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, тек 2017 жылдың өзінде тұрғындарды баспанамен қамту 17%-ға жуық, ал, 2018 жылдың 9 айында тағы 4%-ға өсті», - деді ол.