Қызылордада жолақы қымбаттауы мүмкін
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жолақы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Әнуарбек Нақып, қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Құлмағанбет және облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Марат Мамырбаев қатысып, күн тәртібіне ұсынылған мәселенің мән-жайын баяндады.
Бүгінгі таңда қалаішілік 25 бағыттағы және қала маңына қатынайтын 6 бағытта, барлығы 870 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетуде, оның 160ы-ы - үлкен сыйымдылықтағы, 310-ы - орта сыйымдылықтағы қоғамдық көлік.
Қала әкімінің орынбасары А.Шәменовтің айтуынша, қазіргі таңда жолаушылар төлейтін жолақы парк пен маршрутқа енгізілген жеке кәсіпкерлердің жалғыз табыс көзі болып табылады. Одан басқа тасымалдаушылардың өз бюджетін толықтыруға мүмкіндігі болмай отыр. Сондықтан «Қызылорда автобус паркі» ЖШС барлық бағыттарға толыққанды қызмет көрсете алмауына байланысты жеке тасымалдаушы кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырған, қазіргі таңда олар 75 пайызды құрап отыр.
Осы негізде, серіктестік тарапынан ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы №614 бұйрығымен бекітілген «Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтер есептеу әдістемесіне» сүйене отырып, жаңаша есептемелерін ұсынды. Онда әлемдік нарықта жанар-жағармайдың және қосалқы бөлшектердің бағасы бірнеше есе қымбаттап отырғаны негізге алынған.
«Қызылорда автобус паркі» ЖШС берген мәліметке сүйенсек, қала көлемінде қызмет жасайтын көліктердің 40 пайызы бензин отынын, 30 пайызы дизель отынын пайдаланады. Бұл орайда өткен жылмен салыстырғанда, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 14 пайызға (124-142), дизель отыны 38 пайызға (80-130), ал газ отыны 93 пайызға (30-58) артқан. Осыған байланысты автобус паркі қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімімен бірлесе есептілік негіздерін тексеруден өткізіп, орташаланған тарифті ересектерге 100 теңге, балаларға 50 теңге көлемінде ұсынып отыр.