Қызылордада жыл үздіктері марапатталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада өңірдің дамуына ерекше қызмет етіп, елге еңбегімен танылған 12 азаматқа «Қаланың құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жылды қорытындылау және үздіктерді марапаттау салтанатты шарасыкезінде жария етілді, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Салтанатты шарада қала әкімі жыл көлемінде өңіріміздің жеткен жетістіктеріне тоқталып, барша қала тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

- Өтіп бара жатқан жыл біздің қаламыз үшін де шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды.

Әр жаңа жыл табалдырығында жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ендеше келер жылы сол ойымыздағы арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін. Елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт - береке тілеймін! - деді қала әкімі.

Шара барысында, өңіріміздің дамуына ерекше қызмет етіп, елге еңбегімен танылған 12 азаматқа «Қаланың құрметті азаматы» атағы тапсырылды.

Сонымен қатар, жыл бойына халыққа қызмет ету жолында жарқын жетістікке жеткен әр түрлі саладан 14 азамат «Жыл үздіктері»  номинациясымен марапатталды.

Білім беру саласында үздік нәтижелерге қол жеткізген, қала мектептерінің 10 ұстазына, қала әкімінің «Үздік мұғалім» грант иелеріне тағайындалған 150 мың теңге сыйақысы, өз саласында  жетістік белестерінің алғашқы сатысын бағындырып, өңіріміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген 10 жасқа қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы және 100 мың теңге сыйақы тапсырылды. Белгілі ғалым, физика - математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев жүлдесі үшін математика пәнінен қаламыздағы мектеп оқушылары арасында өткізілген олимпиада байқауының жеңімпаздары 10 оқушыға қала әкімінің арнайы 100 мың теңге сыйақысы берілді.

Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасып, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Қаракөз Ақдәулетованың шәкірттері Самал Байсейітова, Мақсат Мақұлбеков, эстрада жұлдызы Нұржан Керменбаев және жергілікті өнерпаздар қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Соңғы жаңалықтар