Қызылордада жырау Базар Оңдасынұлының 175 жылдығына арналған жыраулар сайысы өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінде» даңғайыр жырау, Сыр сүлейі Базар Оңдасұлының туғанына 175 жыл толуына орай "Жамиғы қазақ бір туған" атты облыстық жыршы-жыраулар байқауы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасап.
Қарт Қаратаудан, айдынды Арал өңіріне дейінгі аймақтан жиналған жыршылар өнеріне Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков, Майра Сәрсенбаевалар қазылық етті.
Сыр сүлейлерінің көшін бастаған саңлақ жырау мұрасын насихаттауға арналған өнер додасында қазылар шешімімен бас жүлде Әділхан Қуаңбаевқа берілді, бірінші орынды Еркебұлан Шыңжанов алса, екінші орын жүлдесі Болат Баймұратовқа табысталды. Әли Ерсейіт үшінші орынға көтерілді.
Байқауда жыраулар атындағы жүлделер де табысталды. "Жиенбай жырау" атындағы арнайы жүлде - Қуаныш Алғазиевке, "Дүр Оңғар" атындағы арнайы жүлде Амандық Жаппарбердиевке бұйырды. Ал Болат Рсалиев, Фариза Хасенова, Ақсұңқар Бүркітбай, Мейірімжан Махамбетжановтарға арнайы Алғыс хат табыс етілді.