Қызылордадағы атыс: Жарақаттанған азамат қайтыс болды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласының орталығында болған атыс салдарынан жарақат алған азамат облыстық Медицина орталығында қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Науқас облыстық Медицина орталығына ауыр жағдайда жеткізілді. Дереу қабылдау бөлімінен жансақтау бөліміне жатқызылды. Сол мезетте «іш қуысына терең оқ тиген, ішкі ағзалары зақымдалған. 4 дəрежелі геморрагиялық шок» деген диагноз қойылды. Науқасқа шұғыл ота жасалды. Алайда, көрсетілген реанимациялық шараларға қарамастан жарақаттанған азамат 27 наурыз күні кешкісін көз жұмды»,- делінген хабарламада.
Естеріңізге салайық, бүгін түсте Әйтеке би көшесінде жастар арасында атыс болды. Әлеуметтік желіде оқиғаға куә болғандар түсірген видео тарады. Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті оқиғаны растады. Кейін құзырлы орган басшылары шұғыл баспасөз мәслихатын өткізіп, оқиғаның мән-жайын баяндады. Күдіктілер қолға түсті. Атыс салдарынан оқ жарақатын алған бір адам облыстық Медицина орталығына жеткізіліп, оған ота жасалды. Көп ұзамай Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі оның қайтыс болғанын мәлім етті.
Әділет Қаңтарбаев